«Аз ғана мерзімде жаңашыл мемлекетіміздің негізі қаланды, қоғамдық сана жаңғырды, Отанымыз өркендеді. Егемен еліміздің мәртебесі әлемдік деңгейге көтерілді. Оны кезеңімен нығайту, кезегімен күшейту, барлық саланы жаңадан жасақтау, жаңа бастама көтеру - қажырлы еңбекті, терең реформаны, тұрақты саясатты талап етті. Сондықтан алған асуларымыз мен шыққан биіктерімізді Елбасының есімімен бірге айтудың тарихи негізі бар. Тәуекелге толы жылдар бізді ел ретінде шынықтырды, шыңдады. Мәселен, біздің өңірден ірі экспорттаушылар шықты. Бұл экономикалық өсімнің жарқын көрсеткіші болды. Бұдан басқа 300-ге жуық кәсіпорын ашылып, онда 23 мыңға жуық адам еңбек етуде. Индустриализациялау картасы аясында 122 жоба іске асты. 7 340 тұрақты жұмыс орны ашылды. Ең үлкен жетістік - газ, су, электр энергиясы секілді жүйелі мәселелер шешімін тапты. Жеке сектор дамыды, өнеркәсіптің құрылымы өзгерді, біз білетін қиын экономикалық кезең артта қалды», - деді өңір басшысы. 


Сонымен қатар, кәсіпкерлер саны 1,4 млн-ға жетті. Басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін Түркістан өңірінде жұмыс істейді. Қазіргі кезде 143 732 ШОБ субъектісі бар. Соңғы жылда қолдау бағдарламалары арқасында облыстағы кәсіпкерлер 282 млрд теңгеге жеңілдетілген несие алды. 41,7 млрд теңгеге 310 жоба мақұлданып, жобалар саны бойынша Түркістан облысы өңірлер арасында көш бастады. 


«Әлеуметтік қолдау саласындағы реформалардың арқасында 30 жыл ішінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі тиісінше 60,9%-дан 10%-ға дейін қысқарды. Аз қамтылған отбасылар үшін 1997 жылы тұрғын үй көмегі енгізілді, ал 2002 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ 2006 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы жәрдемақы енгізілді. Біз өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін еңбек белсенділігін ынталандыратын саясатқа көштік деп айтуға болады. Осылайша, жұмыссыздық деңгейі 14,3%-дан - 5%-ға дейін, ал жастар арасында 17%-дан 4%-ға төмендеді», - деді Шөкеев.