Бұған қоса, Жетісай мен Мақтаарал халқын Шардара су қоймасы арқылы облыс орталығымен байланыстыратын «Арнасай айналма жолы» пайдалануға берілді. Бұл жол үлкен сұранысқа ие. Өйткені бұл өңірлер облыс орталығын Түркістанмен жалғастыратын ең қысқа магистраль болып қалыптасты. 


«Ташкент, Алматы және Қызылорда бағытында «Батыс Европа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік көлік дәлізі» салынды. Оның 448 км біздің облыстан өтеді. Қазір біз осы магистральға үйреніп қалдық, бұл жолдағы жүк айналымы 2,5 есеге артқанын адамдар көп біле бермейді және ол біздің көптеген тұрғындарымыз үшін табыс көзіне айналды. Тәуелсіздік жылдары жалпы облыс аумағында 8 000 шақырымнан аса автомобиль жолдары мен елді мекен көшелері және 71 көпір құрылыс-жөндеу жұмыстарынан өткізіліп, халықтың игілігіне берілді. Нәтижесінде, қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 87%-ға жетті. Сырдария бойындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін «Көксарай су реттегіші» іске қосылды. Ол болмағанда үкімет резервінен жылда миллиондаған-миллиардаған қаржы бөлінетін. Қазір су Көксарай реттегіші арқылы Сырдария арнасын бақылап отыруға болады. Сонымен қатар, бұл қойма жылда Шардара су қоймасына сыймай, сыртқа кететін 3 млрд текше метр суды сақтап қалып, вегетация кезеңінде Қызылорда облысының пайдасына беруге жол ашты. Бұл жерде қосымша 38 мың га лимандық жайылым жер пайда болып, аумағындағы мал саны 2 есеге көбейді»,- деді спикер.