«Биыл 805,3 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығы дақылдары 842 мың га егілді. Егістік әртараптандырылып жатыр. Суды көп тұтынатын мақта, күріш сияқты дақылдар қысқарып, көкөніс, бақша, картоп өнімдерін өндіру кеңейіп жатыр. Орташа түсім 20 центнерге дейін өсіп, өткен жылдан 500 мың тоннаға артты. Биыл рекордтық көрсеткіш 3,3 млн тонна өнім жиналды. Жылыжайлар кеңейіп жатыр. Қазір жылыжайлар көлемі облыс бойынша 1440 гектарға жетті. Бұл республикалық көрсеткіштің 71 % құрайды. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы аясында 8,9 мың га 2 878 жоба іске асып, 280 мың тонна көкөніс өнімі жиналды», - деді Шөкеев. 


Сонымен қатар, ағын суды тиімді пайдалану мақсатында ылғал үнемдеу технологияларын ендіру жолға қойылды. Бүгінгі таңда облыста 4 мың гектарға жаңбырлатып суғару және 25,5 мың гектарға тамшылатып суғару технологиялары ендірілді. 


Бұдан бөлек, соңғы 2 жылда 172 шақырым 23 каналға жөндеу және 281 шақырым 121 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 92 мың га суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.