«Бірінші аумақ, аэропорт аумағы. Онда 12 жоба іске асырылады. Оның ішінде, қонақ үйлер, қызмет көрсететін арнайы нысандар, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады. 2-аумақ - Әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жоба салынбақ. Сондай-ақ, 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 46 мың пәтер пайдалануға беріледі. Денсаулық сақтау, спорт, мәдени нысандар іске қосылады. 3-аумақ Б.Саттарханов даңғылында спорт кешені, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталығы, 182 га университеттік ботаникалық бақ салынады. Соңғы, 4-аумақ - Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жалғасады. Бұдан бөлек, Керуен Сарай тұрғын үй кешені, Аманат коттедж қалашығы, Medina Palace қонақ үйі, Хилует мәдени-рухани орталығы салынады», - деді облыс әкімі.  


Ө.Шөкеев Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңгені құрайтынын, оның 1 трлн теңгесі немесе 77%-ы жеке инвестициялар болып табылатынын атап өтті. Жаңа кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жеткізіледі.