«Олардың 90% жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылмақ. Бюджеттік қаражат негізінен қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Оның ішінде Екібастұзда шығармашылық орталығы, мұз айдын, музей салынады және 20 мектебінде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.  Әзірленген құжат барлық саланы қамтиды. Оны жүзеге асырудан күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсер: 16,5 мың жаңа жұмыс орны, орташа жалақының 43%-ға өсуі, 200 мың шаршы метр жаңа тұрғын үйлер, өнеркәсіптік өндірістің 1 трлн теңгеге дейін артуы, 737 млрд теңге инвестициялар. Биыл Ақсудың 60 жылдығы аталып өтті. Бұл шағын қаланың тұрғындары елдің әлеуметтік-экономикалық өсуі үшін үлкен іс атқаруда: Ақсу металлургтері мен энергетиктері жылына 1 млн тоннадан астам ферроқорытпа және республиканың барлық электр энергиясының 17% өндіреді», - деп хабарлады спикер. 


Инфрақұрылымды дамытуға қайта тоқталсақ, Ақсуда 28,5 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр, оған қоса әлеуметтік осал топтардың өкілдері үшін 16 пәтер сатып алынады; «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы бойынша 2 мектепті жаңғырту аяқталуға жақын; келесі жылы Мұз сарайының құрылысын аяқтау жоспарланған.