«Соңғы айларда еңбек дауына байланысты көшеге шығу жағдайлары болған жоқ. Бұл негізінен жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қарым-қатынас. Екі тараптың арасында келісім бар. Жұмысқа тұрарда жұмысшы жұмыс берушінің шарттарын қабылдаймын, оған толық келісемін деп қолын қояды және сол шарттар аясында қызмет атқарады. Ал қандай да бір себептермен жұмыс істеу, еңбекақы төлеу, жұмыс барысында туындайтын мәселелерді шешу бойынша келіспеушіліктер болса, онда жұмысшы да, жұмыс беруші де қолданыстағы Еңбек кодексі аясындағы баптарға сәйкес әрекет етуге құқылы. Яғни, ұжымдық шарт құрылуы керек, оның ішінде жұмысшыларға жеңілдіктер беріледі, әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Егер бұл да қанағаттандырмай, тағы да даулы мәселе болса, онда кодексте қарастырылған келісім комиссиясы құрылады, басқа да шаралар қабылданады. Осыларды шешумен айналысатын арнайы еңбек инспекциясы бар. Біз қоғамда туындаған қандай да бір мәселені қолданыстағы заң аясында шешуіміз керек. Ал Еңбек кодексінде жұмыс беруші мен жұмысшының арасында туындаған әртүрлі мәселелерді шешу үшін барлық тетіктер қарастырылған», - деді облыс басшысы өз жауабында.