Өңдеу және тау-кен өндіру салалары өнімінің көлемін ұлғайту есебінен индустриялық сектордың өсуі қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылдың 10 айында өңдеу өнеркәсібіне 104 млрд теңге инвестицияланды, бұл өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 84% артық. Инвесторлар жыл соңына дейін инвестиция көлемі 165 млрд теңгеден асатын 34 жобаны іске қосуды жоспарлап отыр, оның жартысы - тамақ өнеркәсібіндегі жобалар. Ең ірілері - өнімділігі жылына 5 млн тонна алтынды құрайтын «Ақсу Technology» ЖШС алтын кен өндіру фабрикасы, қуаттылығы 6 мың тоннаны құрайтын «Ақ Дала Агро» ЖШС құс фабрикасы алдағы уақытта қуаттылығын 15 мың тоннаға дейін арттырмақ және т.б. жобалар.  


«Мемлекет басшысы атап өткендей, экономика дамуының кез келген жағдайы, оның ішінде жағымсыз жағдайлар да бізді жағымды жақтарды іздеуге ынталандыруы тиіс. Пандемия салдарынан жаңа өндірістер ашылды. «КАИК» компаниясы ассортиментін кеңейтіп, ауылшаруашылық техникасының 20 жуық түрін шығаруда. Кәсіпорын жоғары өнімді «ТОРУМ» комбайндарын шығаруды игерді. Болашақта компанияда қуаттылығы жылына 3,5 мың бірлік техникаға дейін жеткізілетін 3-ші және 4-ші кезектер жүзеге асырылмақ. «KazRost Engineering» компаниясы қуаттылығы жылына 150 бірлікке дейінгі, инвестиция көлемі 1 млрд теңгеден асатын YTO шағын тракторларын өндіру бойынша жаңа жобаны белсенді қолға алды. «Евразия Групп Казахстан» ЖШС сервистік орталығы ТМД - дағы ең ірі және солтүстік өңірдегі ауыл шаруашылығы техникасының толық желісіне қызмет көрсететін жалғыз «Джон Дир», - деді өңір басшысы.  


Құрылыс индустриясында да жаңа өндірістер іске қосылды. «Макинск Жылу оқшаулау зауытында» минералды мақта плиталарын, «Сапа Су»ЖШС-де үлкен диаметрлі темірбетон құбырларын шығару жолға қойылды. Соңғы онжылдықта кірпіш өндірісі 10 еседен артық өсті. Сұраныстың ұлғаюына байланысты, «ENKI» ірі өндірушісі желтоқсан айының бірінші жартысында жаңа зауытты іске қосып, кірпіш өндірісін жылына 90 млн данаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бірден екі ірі кірпіш зауыты екі жыл ішінде өңірдің құрылыс кірпішіне деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді.