«Елбасының мына ойы көкейкесті естілді: «Тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттілікті нығайту – біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз». Әлбетте, мұны әлі талай буын айтатын болады. Өйткені қазір де, болашақта да бұл – елдік және отаншылдық өлшемі ретінде айшықтала береді. Осы орайда Тұңғыш Президент бұған дейін әлеуметтанушы, қоғамтанушы қауым бажайлай қоймаған бір тосын пайымды жария етті. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Олардың алдыңғы шебі орда бұзар отызға толып отыр. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Ойлана қарасақ, шынында осы сан - халықтың тең жарымы екен. Міне, атқарушы биліктен де, заң шығарушы биліктен де, сот жүйесінен де, қайнаған қоғамнан да жаңаруды, әділеттікті, шынайылықты, өркениет әлемімен қатар жүруді тілеп отырған – осы жаңа буын. Олар аға буынның айнасынан өзін таба алмайды. Тіпті сол айнадан аға буынның өзі де жақсылыққа, жаңалыққа ұмтылып, ертеңге сеніп күлімсіреп тұрса дейді. Түптеп келгенде, білім мен еңбек – тоғыз миллионның елшілдігі мен кәсібилігін анықтайтын көрсеткіш болып бекитіні сөзсіз. Білім мен еңбек - «Елдіктің жеті тұғырдың» әлеуетті бағыты. Мұны да тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға аманат», - деді спикер. 


Ол орта, жоғары білім мен ғылым саласының алдында үлкен мемлекеттік және қоғамдық міндеттер тұрғанына сенімді. Жастар еңбекке бейімделуі үшін жұмыс форматы мен бағытын жүйелі түрде жақсартуы тиіс.