2016 жылы консорциуммен және банктермен келісімге қол қойылды, бірақ кейбір банктердегі проблемаларға байланысты жоба уақытша тоқтатылды. Қазіргі кезде банктер арқылы инвестиция тарту және жобаны аяқтау бойынша жұмыстар жалғасуда.  


«Жобаның құны 1,8 млрд доллар, оның 347 млн іске асырылды. Өздеріңіз білесіздер, бастапқыда несие Қытай даму банкінен 4,9% алынды, содан кейін біз мынадай шешім қабылдадық, ақшаны үнемдеу үшін еліміздің екінші деңгейдегі банктерінен 3,25% облигациялық қарыз алдық. Қызмет көрсетуге жұмсалатын қаржыдан 800 млн доллар үнемдедік, EPC-келісімшарт бойынша біз де 200 млн доллар, станциялар мен жылжымалы құрамды қысқарту бойынша да 150 млн үнемделді. Бұл жобаны аяқтау үшін шамамен 1 млрд доллар тарту қажет. Қаламыздың сәулеттік келбеті көріксіз, қаншама қаржы жұмсалды. Тұрғындар санының артуын ескере отырып, экологиялық таза қоғамдық көлікті дамыту керек (қазір 1,2 млн адам, алдағы 10 жылда 2 млн адам болады). ЛРТ желілері өтетін сол жағалауда құрылыстың ықшамдылығы артады. Өткен пандемия болған жылы Есіл ауданына 40 мың тұрғын қосылды. Бұл үрдіс жалғасуда, урбанизация процесі жүріп жатыр, ішкі көші-қон ағындары, елордаға барлық өңірлерден адамдар келуде. Бұл жобаны аяқтаймыз, банктермен жұмысты жалғастырамыз, бірақ олардың өтініші бойынша олардың атауын айтпаймыз. Келісімге қол қойғаннан кейін барлық ақпарат жарияланады», - деп сендірді әкім.