Оның мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы саласында 48 млрд теңгелік 34 жобасы жүзеге асырылуда.  


«Майлы дақылдар алқабын ұлғайту мақсатында үлкен жұмыс жүргізілді. Тәуелсіздік алған жылдары облыста оның алқабы 51 мың га болған. Бүгінде 1 млн га дейін артты. Майлық дақылдарды қайта өңдеу жұмыстары қолға алынды. Қазір өңірде оларды өңдейтін Қазақстандағы ең ірі зауыт салынуда. Жылына 370 мың тонна өнім өңдейді. Облысқа 15 млрд теңге инвестиция тартылды, 200 аса тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа кәсіпорын облыстағы майлы дақылдардың 90% өңдеуге мүмкіндік береді. Өңірде 7 астық қоймасы мен тұқым шығаратын зауыт салынуда. 3 мың тоннаға жуық көкөніс өсіретін жылыжайдың құрылысы басталды. Қазақстан бойынша сүт өндірумен 500 шаруашылық айналысса, оның  90-ы Солтүстік Қазақстан облысында, яғни әрбір 5-ші ферма солтүстікте шоғырланған. СҚО ел бойынша  сүт фермаларын салу жағынан көш бастап тұр. Қазақстанда 29 сүт кешені салынуда, оның жартысы біздің өңірде. Биыл 16 шаруа қожалығының құрылысы басталып, жыл соңына дейін 10 кешен іске қосылады, оларда 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа фермалар қосымша 45 мың тонна өнім береді. Осы жобалардың арқасында бір жылдың ішінде сүт өндіру көлемі 598 мыңнан 630 мың тоннаға дейін өседі», - деді облыс басшысы. 


Оның айтуынша, жыл сайын өңірде сүт өңдеу көлемі ұлғаюда. Өңірдегі екі сүт зауыты өндірісті жаңғыртуға және заманауи желілерді іске қосуға 15 млрд теңге бөлді. Тамыз айында «Маслодел» зауытында жаңа сүт желісі іске қосылды. Кәсіпорынның қуаттылығы 87 мыңнан 119 мың тоннаға дейін өсті. Жақында өңірді ірімшікпен толық қамтамасыз ететін жаңа зауыты іске қосылады.  


Сондай-ақ, ет өндірісін 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін көбейту жоспарланған. Осы мақсатқа жету үшін 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы салынуда. Облыста 2 жаңа құс фабрикасының құрылысы басталды. Қой шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы қабылданды. Облысқа 13 мың бас қой әкелінді.