Тарихи-мәдени мұра объектілерінің инфрақұрылымы да дамуда. Ағымдағы жылы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталды, «Ұлытау» музей-қорығының визит-орталығының аумағы толық абаттандырылды, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының тарихи аумағын абаттандыру аяқталуда. 

«2021 жылы «Сарайшық», «Гаухар ана» және «Ордабасы» визит-орталықтарының құрылысы басталды, «Сауран» визит-орталығының құрылысы бастау сатысында, сондай-ақ «Бозоқ» қалашығының ортағасырлық сәулет стиліндегі қоршауының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, Бішкек қаласында Абай Құнанбаев ескерткішін салуға жобалық сметалық құжат әзірленді. «Есік» визит-орталығының құрылысына жобалық сметалық құжат  бойынша мемлекеттік сараптама жүргізілді. 2021 жылы тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын орындау бойынша бағалау нормативтері алғаш рет бекітілді. Оның арқасында ғылыми-реставрациялау жұмыстарының ерекшелігін ескере отырып, бағалау енгізілді. 2021 жылы тарих және мәдениет ескерткіштерінде 5 бағыт бойынша 45 тарихи-мәдени мұра объектілерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүзеге асырылды», - деді министр. 


Биыл түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммиті аясында Түркістан ресми түрде Түркі әлемінің рухани астанасы болып танылды. Қазіргі кезде Түркістанның тарихи орталығында ғылыми-реставрациялау жұмыстары жалғасуда. Жалпы, Түркістан қалашығын қалпына келтіру, консервациялау және реставрациялау жұмыстарымен 88,7 га аумақтағы тарихи ескерткіштер қамтылған. Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру бойынша жан-жақты зерттеулер жүргізілуде. 

«Биыл карантиндік шараларға қарамастан «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстары шеңберінде ескерткіштерде 60 археологиялық жұмыс жүргізілді, бұл жоспарланған көрсеткіштен 50% артық. Сонымен қатар, 29 тарихи-мәдени мұра объектілерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді. 13 ғылыми археологиялық және қолданбалы зерттеулер іске асырылды, олардың сапасының деңгейі Ұлттық ғылыми кеңеспен оң бағаланды. Қазіргі уақытта Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен бірлесіп Қазақстанның бірегей тарихи және мәдени ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу үшін «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясын ілгерілету бойынша номинациялық құжаттаманы дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазақстан аумағына Сауран, ЖетіАсар, Жанкент, Сығанақ, Отырар, Күлтөбе-Яссы объектілері кіреді», - деді ведомство басшысы. 


Сондай-ақ, «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында 20 іс-шара өткізілді.