Оның атап өтуінше, еліміздің сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2023 жылға дейінгі жол картасы бекітілді, 20-дан астам іс-шараны іске асыру көзделген. 

«Есептік кезеңде жыл ішінде 7 тұрғын үй, 37 денсаулық сақтау және білім беру объектісі сейсмикалық нығайтылды. Сейсмикалық құбылыстардың тәулік бойғы мониторингін Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция жүргізеді. Жер сілкіністерін болжауды және сейсмикалық аудандастыру карталарын әзірлеуді Сейсмология институты жүзеге асырады. Қазіргі уақытта Алматы қаласында сейсмикалық шағын аудандастыру жүргізілді, Шығыс Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарының сейсмикалық аудандастыру карталары әзірленуде», - деді генерал. 


Оның айтуынша, биыл қыркүйекте қиратушы жер сілкіністеріне азаматтық қорғау басқару органдарының күштері мен құралдарын дайындау мақсатында Қырғызстан мен Өзбекстанның шекара маңы елдерінің бөлімшелерімен «ЖЕР-2021» халықаралық оқу-жаттығуы өткізілді. Жиынды өткізу игі дәстүрге айналмақ.