«Тәуелсіздік жылдары ішінде мұнай өндірудің ұлғаю серпінін көріп отырмыз. Перспективада мұнай өндіру одан әрі де өсетін болады. Еліміздің мұнай өндірудегі драйверлері үш ірі мұнай-газ жобасы – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған қалуда. Олар елдің экономикалық өсуіне айтарлықтай үлес қосады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Теңіз жобаларында мұнай өндіру көлемі 26,5 млн тоннаны, газ өндіру көлемі – 14,5 млрд текше метрді құрайды. Теңіз кен орнында құны 45,2 млрд АҚШ долларын құрайтын «Келешек кеңейту жобасы» іске асырылуда, бұл мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жоба бойынша жұмыстардың жалпы ілгерілеуі 87% пайызды құрайды, жобаны 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлемі жыл қорытындысы бойынша 15,9 млн тонна, газ өндіру көлемі – 9,7  млрд текше метр деңгейінде күтілуде. Кен орнында жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу екі газ өңдеу зауытын салу есебінен қамтамасыз етілетін болады. Бұл зауыттар жылына қосымша 3 млрд текше метр тауарлық газ өндіруге және мұнай өндіруді жылына 16 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қарашығанақ кен орнында мұнай өндіру көлемі  11,6 млн тоннаны, газ өндіру көлемі 18,7 млрд куб метрді құрайды. Бүгінгі таңда Қарашығанақта сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін жылына 11-12 млн тонна шегінде ұстап тұруға мүмкіндік беретін жобалар іске асырылуда», - деді министр. 


Алдағы онжылдықтың перспективалық жобаларының бірі «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» жобалары болып табылады. Құны 4,5 млрд АҚШ долларды құрайтын осы кен орындарын игеру 2028 жылдан бастап 4 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді. «Жетілген кен орындарының» сарқылуын ескере отырып, бұл жобалар Маңғыстау облысында мұнай өндіруге айтарлықтай үлес қосатын болады.