«Тәуелсіздік жылдарында газ өндіру 7 есеге артты. Алдағы уақытта Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз объектілерінде жобаларды іске асыру, сондай-ақ жаңа перспективалы кен орындарын уақтылы пайдалануға беру шикі газ өндіруді 2030 жылға қарай 87,1  млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Шикі газ өндірудің ұлғаюымен қатар тауарлық газ өндірісі ұлғаяды деп күтілуде. 7 жаңа кен орнын игеру, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде қамтамасыз етілетін Қашаған мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарын салу, оларды іске асыру есебінен тауарлық газ өндірісі 2030 жылға қарай 42,2 млрд текше метрге дейін артады. Соңғы 5 жылда газдандыруға бөлінетін қаражат көлемі 5,4 есеге ұлғайды, бұл елді газдандыру деңгейін 8% арттыруға мүмкіндік берді. 2021 жылы Министрліктің бюджеттік бағдарламасы бойынша жергілікті атқарушы органдарға 146 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 51,3 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Аталған жобаларды іске асыру 3 жыл ішінде 154 елді мекенді немесе 330 мыңға жуық халықты газдандыруға жол ашады. Биыл 1,8 мың км газ желілер салынды, бұл 46 елді мекен немесе қосымша 135 мың адам газға қол жеткізді. Осылайша еліміздің газдандыру деңгейі 55% жетті, яғни, 10 388 мың адам табиғи газбен қамтылды», - деді спикер. 


Оның айтуынша, газдандырудың жеделдетілген қарқыны 2030 жылға қарай 13,5 млн адамды немесе ел халқының 65% табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұтынушылардың табиғи газға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеу үшін газ тасымалдау жүйесін салу жөніндегі жобалар әртүрлі сатыда іске асырылуда. Маңғыстау және Атырау облыстарындағы 307 млрд теңге сомасына 3 жоба негізгі газбен жабдықтау жобалары болып табылады. Олардың  іске асырылуы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында берілген тапсырмаларды орындау шеңберінде қамтамасыз етіледі.