Мағзум Мырзағалиевтің айтуынша, Қазақстандағы сұйытылған мұнай газының бағасы өңірдеге ең төмен баға болып табылады.
«Сәйкесінше, төмен деңгейдегі баға газ өндірісін ұлғайтуды ынталандырмайды. 2020 жылы ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамту үшін 1,4 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. 2021 жылы ішкі нарықтағы сұйытылған газды тұтыну 1,6 млн тоннаға дейін өсті. Бұл ретте газ өндірісі өсіп жатқан жоқ. Ал тозығы жеткен зауыттардың жиі жөнделуі жалпы өндірістің төмендеуіне әкеп соғуда. Ағымдағы жағдайда осы шикізатты өндіруді кеңейту үшін қандай да бір инвестициялық тартымдылық жоқ. Бұл тұтынудың тұрақты өсуі аясында тапшылыққа алып келді. Ол, әсіресе 2021 жылы күшейді. Себебі 2019 жылдан бері сұйытылған газға өткізілген автокөліктер саны биыл шамамен 2 есеге өсті», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ведомство басшысының айтуынша, әлемдік тәжірибеде сұйытылған газдың бағасы мұнай бағасымен өзара байланысты. Бензин бағасының 70% құрайды. Мысалы, АИ-92 маркалы бензиннің құны литріне 182 теңге болған кезде газдың нарықтық құны шамамен литріне 127 теңгені құрауы тиіс.