Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жылғы 5-19 қаңтар аралығында Қазақстанның барлық аумағында ерекше құқықтық режим болып табылатын, азаматтардың құқықтарын, мүдделері мен денсаулығын қорғау мақсатында олардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуді көздейтін төтенше жағдай режимі қолданылады.

Төтенше жағдай кезеңінде барлық санаттағы атқарушылық іс жүргізу және атқарушылық іс-әрекеттер кейінге қалдырылады. Жұмыс әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтануына және ТЖ режимінің тоқтатылуына қарай қайта басталады. Бұл туралы сот орындаудың ақпараттық жүйесі арқылы қосымша хабарланатын болады.