Елордада ковидтік стационарлардың бірінде дәрігерлер реанимацияда түсірілген кадрлармен бөлісті. Онда науқастардың туысы пациенттің тезірек сауығу үшін фотосуреттер мен плакаттар ілгені көрініс тапқан.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы жұқпалы аурулар орталығының реанимация бөлімшесінен түсірілген фотосуреттерді жариялады.
Кадрларда қабырғаға ілінген плакаттардан отбасы мүшелері түскен фотолар, сол сияқты тезірек сауығып шығуы үшін жазылған тілектері бейнеленген.

Фотосуреттің бәрі ЭКМО және ӨЖЖ аппараттарына жалғанған пациенттерге қарама-қарсы ілінген. Олардың кейбірі жақындары күтіп жүргенін көріп, емделуге деген құлшынысы арта түседі. Өкінішке қарай ес-түссіз, өмірі үшін күресіп жатқандары да аз емес.

Орталық меңгерушісі, жұқпалы аурулар дәрігері Татьяна Цечоеваның айтуынша туыстарының мұндай тосынсыйы науқастың тезірек емделіп шығуына деген құлшынысын арттырады.

«Науқастардың балалары, жұбайлары туысы жатқан палатаға немесе жансақтау бөліміне плакаттарды ілу туралы өтініш бергенде бірден іске кірісеміз. Себебі, аурудың ең жылдам әрі тиімді емі – үйінде жақыны күтіп отырғанын, өмір сүруге ұмтылу керек екенін білу! Біз пациенттерге жиі келіп, оларға: «Сізді жақындарыңыз қалай жақсы көретінін көріңіз, олар сізді өз қатарында, емделіп шыққан күйде көргісі келеді. Оларды қалай тастап кетпексіз?! Олай болмайды! Сіз тезірек сауығып, туыстарыңызға оралуыңыз керек» дейміз. Сонда көптеген науқас бойына жаңадан күш біткендей әсерде болып, жазылып шығуға ұмтылады,», - дейді дәрігер.

Кадрлардың бірінде ватманда фотосурет жапсырылған, онда қазақ тілінде «Әкетайым, біз сізді сағындық!» деп жазылған болса, тағы бірінде «Жанат, біз сені күтіп жүрміз!» делінген.

Дәрігердің айтуынша, кейде науқастардың туысы өзі, отбасы, өмірі мен қызметі туралы жиірек әңгімелеп беруін сұрайды. Мұндай жайттың бәрі ес-түссіз жатқан туысына деген сүйіспеншілігін білдіреді.

Нұр-Сұлтанда КВИ жұқтырған науқастарды емдеу үшін барлығы 7 стационар жұмыс істеп тұр. Ашылған инфекциялық төсектердің 68 (581-ден), оның ішінде 51 реанимациялық төсек қана бос. Оттегі аппараттарында 18 пациент өте ауыр жағдайда жатыр.

Еске салайық, елорда жақында «қызыл аймаққа» көшкен болатын, бұл қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды нақтылап тұр.

 

http://astana.gov.kz/