2022 жылдың 8-і нен 11 қаңтарына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, автагаз, бензин, дизель отыны, такси қызметтері мен агрегаторлары бағасының өсуі бойынша шағымдарды қабылдайтын “Жедел желі” арқылы азаматтардан 1060 өтініш келіп түсті. Барлық қоңыраулардың  70%-дан астамы Алматы  қаласының тұрғындарынан келіп түскен.

БҚДА “жедел желіге” келіп түскен барлық шағымдар зерттеліп, олардың әрқайсысы бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын хабарлайды.

Осы күндері шағымдардың басым бөлігі азық-түлік бағасының қымбаттауына, олардың сапасына (мерзімі өткен өнімдер сатылуда), сатушылардың әділ еместігіне ( тауар бағасы чектегі бағамен сәйкес келмейді) байланысты болып отыр. Алматы қаласының жекелеген аудандарының тұрғындары азық-түлік тауарларының болмауына шағым түсіруде.

Сонымен қатар, балон газы, (Нұр-Сұлтан, Екібастұз, Өскемен, Алматы облысы, Түркістан және Қарағанды облыстары), АИ92 маркалы бензин (Қарағанды, Атырау, Алматы, Жамбыл облысы),  дизель отыны  (Нұр-Сұлтан, Павлодар), такси қызметтері (Нұр-сұлтан, Түркістан облысы) бағаларының қымбаттауына шағымдар келіп түсті.

Жедел ден қою үшін шағым түсірушілердің барлығынан бағаны көтерген сауда объектілерінің, жанар-жағармай құю станцияларының атауларын және мекенжайларын, такси көлігінің мемлекеттік нөмірін, азық-түлік өнімі атауларын, сондай-ақ бағаны көтергендерін растайтын кез келген ақпаратты хабарлауларыңызды сұраймыз. Мүмкіндігінше чектер, төлем скриншоттарын, такси қызметін шақыру бағасын және т.б жіберулеріңізді сұраймыз.