«Барлық жағдайда полиция қызметкерлері бейбіт жиындар кезінде қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етудің бұрын әзірленген алгоритмі бойынша жұмыс істеді және қарусыз болды. Сонымен қатар, наразылық шаралары қаланың әртүрлі бөліктерінде бір уақытта өткізіле бастады. Қатысушылар саны өсе бастады. Рысқұлов, Саин, Шығыс айналма жолы мен Төле би көшелерінің бойындағы жолдарды жауып, көлік қозғалысын тоқтату әрекеті жасалды.

«Барлық осы деректер бойынша полиция қызметкерлері оқиға орнына барды. Шерушілер санының артуына байланысты оларға лаңкестер мен радикалды экстремистер де қосылып, жиналғандарды билік пен полицияға қарсы агрессивті әрекеттерге бағыттап, әкімдік ғимаратын басып алуға шақырды. Барлық әрекеттер нақты және ұйымдастырылған болды. Адамдар жиналған орындарға таяқ, бита, брусчатка, тас, бөтелкедегі бензин және алкоголь ұйымдасқан түрде әкелді. Қала орталығы Төле би даңғылындағы тротуар тақталарын бөлшектей бастады. Осыған орай, мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау мақсатында арнайы жедел жоспар енгіздім. «Дабыл» бойынша гарнизонның барлық жеке құрамы көтерілді. Қала көшелеріне саябақтарға, алаңдарға, қосымша полиция жасақтары мен Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері қойылды. Стратегиялық нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын қорғау күшейтілді», - деді Таймерденов.

Бұл уақытта лаңкестер бір мезгілде қаланың әр жерінде патрульдік жасақтарға шабуылдай бастаған. Лаңкестердің басқа топтары бір уақытта қару-жарақ дүкендерін басып алып, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді иемденген. Барлығы 1347 қару ұрланған, оның ішінде 501 мылтық, 807 тегіс ұңғылы және 39 газ-травматикалық қару. Осының барлығы нақты ұйымдастырылған, олардың іс-әрекетін топ жетекшілері үйлестірді. 

Түскі уақытта кем дегенде 10 мың адамнан тұратын шабуылдаушылардың негізгі колоннасы басып алынған коммуналдық көліктердің көмегімен қоршауды бұзып өтіп, қала әкімдігін басып алуға әрекеттенді. Оларға қарсы өлімге әкелмейтін құралдар – су атқыштар, жарықты-дыбыс шығаратын гранаталар, көзден жас ағызатын газ қолданылды.

«Шабуыл жасаушылардың сан жағынан басымдығына қарамастан, полиция мен әскери қызметкерлердің жанқиярлық әрекеттерінің арқасында олардың ойлағаны жүзеге аспады.

Ғимаратты басып алудың екі әрекеті сәтсіз аяқталғаннан кейін наразылық танытушылар алаңнан кетіп қалды. Кетер кезде олар 32 қызметтік көлікті, 5 өрт сөндіру көлігін өртеп жіберді. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін келе жатқан 30-дан астам жедел жәрдем көлігіне де зақым келтірді. Сонымен бірге олар жараланған содырларды тасымалдауға арналған 3 көлікті басып алды. Осыдан кейін қаңтардың 5-і күні таңға дейін қала полициясы мен Ұлттық ұланның күшімен барлық баррикадалар толығымен жойылып, жолдарды жауып тұрған көліктер шығарылды. Қалада тәртіп орнады. Сонымен қатар, 5 қаңтар күні таңертең - әр аудан мен шет аймақтардан қала орталығына бір мезгілде 20 мың адам жиналды. Олардың жүріп өтуіне жол бермеу үшін: Төле би, Назарбаев, Саин-Райымбек, Сейфуллин-Райымбек көшелеріне қоршаулар қойылды. Сандық артықшылық пен қаруды пайдалана отырып, қызметкерлердің жанқиярлық әрекеттеріне және қолданылған арнайы техникаға қарамастан, олар бірнеше қорғаныс шебін бұзып өтіп, полицейлерге дене жарақатын салып, көліктерге зақым келтірді. Одан әрі Республика алаңына жиналған мыңдаған шабуылшы әкімдік ғимаратын басып алуға тағы әрекеттенді. Шектеулі кеңістікті және әкімдіктегі адамдардың тығыздығын ескере отырып, полиция қызметкерлері қаруды қолданбады, өйткені көптеген адам шығынына әкелуі мүмкін еді.  Осыған байланысты полицейлер қару қолданбай шегінуге мәжбүр болды. Шабуылшылар әкімдікті тонап, өртеу арқылы дүние-мүлкін бүлдіре бастады. Полиция қызметкерлері мен әскери оқу орнының курсанттарын ұрып-соғып, мазақ қылып, арнайы құралдары мен киімдерін тартып алған. Дәл осы уақытта қаланың әр жерінде содырлардың көптеген топтары полиция жасақтарына оқ жаудырып, қаланы қиратуға кірісті. Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні содырлар полиция департаментін, Алмалы, Жетісу, Әуезов, Бостандық аудандық бөлімшелерін және жергілікті полиция қызметінің ғимаратын қарулы басып алуға әрекеттенген. Осыған байланысты, ғимаратты қорғау, сондай-ақ әскери қарудың ұрлануын болдырмау мақсатында шабуыл жасағандарға оқ атылды. Мен өзім полиция департаментінде болдым, ғимаратты басып алу үшін 27 рет шабуыл жасалғанын санадық. Қылмыскерлер техниканы, джиптер мен КамАЗ көліктерін қолданды. Шабуылдарды соғыс тактикасын жақсы білетін, өлілер мен жаралыларды қалдырмай, өздерімен бірге алып кететін кәсіби дайындығы бар адамдар жасады. Бұл күндері мәйітханаға 7 шабуыл жасалып, белгісіз біреулер 41 қайтыс болған адамның денесін ұрлап әкетті. 

Түнде олар осал жерлерді іздеді, шабуыл таңертеңге дейін жалғасты. Лаңкестердің арасында ПД ғимаратының жанындағы көпқабатты үйдің төбесінен полиция департаментіне оқ атқан снайперлер де болды. Ғимарат атқыланды, жанатын ұнтағы бар бөтелкелер лақтырылды. Айта кетейін, ол кезде оларды тек күшейтілген кезекші жасақтар қорғады. Олардың батылдығы мен ерлігінің арқасында ғимараттар басып алынбады. Сонымен қатар, қарулы қылмыскерлер қала көшелерінде бей-берекет оқ жаудырып, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарды, дүкен сатып алушылары мен көліктерін беруден бас тартқан жүргізушілерді өлтірді. Осындай жағдайда 6 қаңтар күні режиссер Сәкен Битаев өлтірілді. Сол күні кешкі тоғыз жарым шамасында Алматы қаласы Әкімдігінің жанында әкім Бақытжан Сағынтаевтың кортежіне де оқ жаудырылды. Қастандық салдарынан «Алматы» телеарнасының қызметкері қаза тауып, тағы үш адам, оның ішінде әкімдіктің екі қызметкері жараланды. Содырлардың әрекеттері ұйымдастырылған. Биліктің беделіне нұқсан келтіру үшін қылмыскерлер полицейлер мен әскери қызметкерлердің киімін киіп алған. Алаңның периметрі мен қаланың орталық көшелеріндегі 493 бейнебақылау камерасы істен шыққан. Жолдарға тосқауыл қойылды. Периметрдің айналасында бақылаушылар орналастырылды. 4-5 адамнан құралған лаңкестер басып алынған көліктерде мемлекеттік нөмірсіз жүрген. Қозғалыс кезінде полиция жасақтары мен блок-посттарға оқ атылды. Қару-жарақ пен әскери техниканы тартып алу мақсатында Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне шабуыл жасау әрекеті жасалды. Олар Алматының халықаралық әуежайын да басып алған. Сауда және ойын-сауық орталықтарына, қаржы ғимараттарына шабуылдар жасалды. Қаланың әр түкпірінде бір мезгілде әртүрлі ғимараттарға мина қойылғанын, атыс, шабуыл туралы жалған хабарламалардың көптеп түскенін атап өткім келеді. Бұл тактиканы лаңкестер полицияны шаршатып, күштерімізді осал ету үшін қолданған», - деді департамент бастығы.

5 қаңтарда ел Президентінің Алматыда төтенше жағдай енгізуіне және қорғаныс министрлігінің бөлімшелері мен бөлімдерінің қалаға кіруіне байланысты полицияның айтарлықтай күштерін ғимараттар мен стратегиялық нысандарды қорғаудан босатуға және конституциялық заңдылықты қалпына келтірудің негізгі міндеттерін жүзеге асыруына мүмкіндік бергенін жеткізді. 6 қаңтардан бастап осы күнге дейін арнайы органдардың қызметкерлері мен әскерилер бірлесіп, қаланы тазарту бойынша лаңкестікке қарсы іс-шара жүргізілуде.