«Жалпы, әлем бойынша ауру санының кезекті рет күрт артуына өздеріңіз де куә болып отырсыздар.  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша Еуропада соңғы екі аптада  ауру саны өсті. Оның ішінде халықтың 50% «омикронмен» ауырып жатыр. Ең алдымен, сырқаттанушылықтың өсуі халықтың белсенді ішкі және сыртқы көші-қонынан, ұзақ мерекелік күндерден туындады, сондай-ақ елдегі толқулар да маңызды рөл атқарды», - деді спикер. 


Үкімет басшысының орынбасары қаңтар айының қиын кезеңінде айрылып қалған отандастарымыздың отбасылары мен ағайын-туғанына көңіл айтты. 


«Соңғы бір апта баршамызға бейбіт күннің бағасын білдірді.  «Ел аман, жұрт тыныш болсын» деген тілектің мәні мен мағынасын, тереңдігі мен қасиетін әрбір елдің азаматына ұғындырды деп ойлаймын. Бұл жағдай - біздің еліміз үшін үлкен сынақ, өмірлік сабақ екені сөзсіз. Ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының күрделі кезеңде қабылдаған келелі шешімдерінің   арқасында біз бұл жағдайды ушықтырмай еңсердік.  Ендігі мақсат – қиындықты бірге еңсеріп, өткен жағдайды ескеріп, ел болып жақсылық пен жаңалыққа жол бастау. Ол үшін, ең алдымен, деніміз сау, басымыз аман болсын», - деді Тоғжанов.