«Жоспарға сәйкес келесі жұмыстар қарастырылған: электр энергиясын тауар алмасу және вегетациялық кезеңде су қоймаларының жұмыс режимін келісу шеңберінде «Тоқтоғұл» және «Бахри Точик» су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз ету бойынша Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Өзбекстанмен жұмыстарды жалғастыру; Шу және Талас өзендері бойынша су түсімдерінің жоспарлы көлемін қамтамасыз ету бойынша Қырғызстанмен жұмысты жалғастыру; трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдалану арналарында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын орындау; суландыру желісінің магистральды және шаруашылықаралық арналарын тазарту. Сондай-ақ жоспарда мақта, күріш, пияз сияқты ылғалды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту, Түркістан және Қызылорда облысындағы бұған арналмаған жерлерде күріш егуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ АШМ мен АҚДМ арасындағы меморандумға сәйкес күріш алқаптарының алаңдарын азайту көзделген. 


Оңтүстік өңірлердің әкімдіктерінен су аз болған жағдайда вегетация жүргізу үшін шаралар қабылдау бойынша ұсыныстар сұралды. Жамбыл және Қызылорда облыстарынан ұсыныстар келіп түсті және қаралды», - деді ведомство өкілі. 


21 қаңтарда Жамбыл облысына барып, облыс әкімінің, аудан әкімдерінің және фермерлердің қатысуымен Су шаруашылығы және вегетациялық кезеңге дайындық бойынша кеңес өткізілді. Бүгін су ресурстары комитетінің төрағасы Қызылорда облысына барады. Жақында Түркістан және Алматы облыстарынан ұсыныстар түсуі тиіс. 


«Қазгидрометтің алдын ала болжамын алғаннан кейін ақпан айының басында Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында көшпелі кеңестер өткізіледі. Қазақстан өзендерінің бассейндерінде ылғал қорының жинақталуы және вегетациялық кезеңде өзендердің күтілетін сулылығы туралы ақпаратты Қазгидрометтің алдын ала болжамы 1 ақпанда, 1 наурызда негізгі болжам, қажеттілігіне қарай болжам береді», - деп нақтылады спикер. 


Деректердің түсіуіне қарай вегетациялық кезеңге арналған іс-шаралар түзетілетін болады.