«Соңғы жылдары министрлік те, ЖОО-лар да осы бағытта жұмыс істеп келеді. ЖОО-лар мен жұмыс берушілердің араларын жақындату үшін рейтинг те жасалды. Жұмыс берушілер арқылы бұрынғыдай тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылып, оқу процесін жүргізумен бірге білім беру бағдарламалары құрастырылады. Сонымен қатар, «Атамекен» жұмыс берушілермен бірге кәсіби стандарттар даярлап жатыр. Бүгінгі күні 500 жуық кәсіби стандарт бар. Осы кәсіби стандарттардың ішінде келешекте түлектердің қандай қабілеттері болуы керектігіне қатысты нақты біліктіліктер жазылған», - деді спикер өз жауабында.
Оның айтуынша, жоғары білімнің тартымдылығын арттыру жан-жақты қарастыруды қажет ететін жүйелі сұрақ. Бүгінгі күні жоғары білімнің мазмұны ғана емес, сонымен қатар, профессорлық оқытушылық құрамға да, ЖОО-ның материалдық техникалық базасына да қатысты талаптар қайта қарастырылды. ЖОО-да сабақ беретін профессорлық оқытушылар құрамының жалақысы, стипендиялар көтерілді. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасы бойынша техникалық бағыттар бойынша мамандар даярлауға басымдық беріледі.
«Осыған орай мемлекеттік білім беру тапсырысы құрастырылады. Егер бұрын жалпы көлемде техникалық бағыттарда 40% мемлекеттік тапсырыс орналастырылатын болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 60% дейін артады. Мұнымен қоса, медицина, педагогика саласы, гуманитарлық бағыттар бойынша сұраныс бар деп нақты айта аламыз», - деді комитет төрайымы.