Оның айтуынша, қаңтар оқиғаларынан кейін азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа қоғамдық келісім-шарт мәселесі және азаматтық қоғаммен бірге қарым-қатынас байланыстарын қайта қарастыру жөніндегі көптеген талқылаулар жүріп жатыр.  

«Бүгінгі күнге дейін бірнеше қоғамдық байланыстың түрлері бар. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында көптеген іс-шаралар іске асырылып жатыр. Оның ішінде қоғамдық кеңестер жұмысы бар. Сонымен қатар 2 жыл бұрын бейбіт шерулерге байланысты арнайы қабылданған заңдар және басқа да шаралардың іске асырылып жатқаны белгілі. Дегенмен, бұл жұмыстардың қажетті деңгейде, нәтижелі еместігіне бір ай бұрынғы оқиғалар дәлел болды. Сондықтан осы саланы ары қарай дамыту мәселесі өзекті болып отыр. Министрлік осы бағытта жұмыстар атқаруда, соның ішінде көптеген ұсыныстарды бір жүйеге келтіріп, оны бір үлкен құжат ретінде қабылдап, одан әрі іске асыру мәселесі негізгі мақсатымыз болып отыр. Жалпы айтсақ, бір ай ішінде қазақстандықтардан президенттің ғана атына мыңдаған түрлі сападағы, көлемдегі және бағыттағы арнайы хаттар, ұсыныстар келіп түсті. Оның барлығын министрліктер жинақтап, қарастырып жатыр. Оның ішінде құнды, пайдалы және қоғамға қажетті ұсыныстар бар. Оны біз эксперттік топ аясында министрлік жанында жұмыс істейтін осы қоғамдық даму институты мамандарымен бірге қарастырып, олардың ішінде нақты және пайдалы ұсыныстарды одан әрі іске асыру мәселесін қарастырамыз», - деді АҚДМ өкілі.