Осы мерейтойға арналған алғашқы іс-шаралардың бірі – көрме мен эксклюзивті мүсіннің презентациясы.  


«Фотокөрмеге Роза Бағланованың жеке архивінен жинақталған сирек кездесетін фотоматериалдар қолданылды. Оларды бізге Роза Тәжібайқызының ұлы Тәжен мен келіні Марал ұсынды, оларға алғысымды білдіремін. Мерейтой аясындағы үлкен туынды – Роза Бағланованың жаңа гиперреалистік мүсіні. Роза апамыздың дәл осындай эксклюзивті мүсіні біздің елімізде әлі болған емес. Барша өнер сүйер қауым жаңа көрмені және мүсінді тегін келіп тамашалай алады. Қазақконцерттің есігі сіздер үшін әрдайым ашық», - деді Ж.Сейдоллаұлы. 


Бұдан бөлек, Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойының басталуына орай мерекелік іс-шаралар апталығы өтеді. 


«1, 3 және 6 наурызда Қазақконцертте үлкен концерттер өтеді. «Қазақтың қаһарманы қызы», «Арнау», «Қазақ деген халықтың еркесімін» атты концерттер Роза Бағланованың мол мұрасын насихаттауға бағытталады. 1 наурызда өтетін концертке келетін болсақ, онда Роза Бағланованың мұрасын еліміздің танымал әншілері, жас таланттар, Өзбекстан, Беларусь елдерінен келген әртістер және оның немересі Үрбибі сахнада өз өнерін ортаға салады. Осы айдың соңына жоспарлап отырған тағы бір жаңалығымыз бар. Ол – «Астана мюзикл» театры ұсынатын «Роза Бағланова» атты үлкен мюзиклдің премьерасы. Жалпы, Қазақконцерт ұйымдастырған барлық іс-шаралар Роза Тәжібайқызының есімін халық жадында мәңгі сақтауға бағытталады», - деді спикер.  


Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы республика көлеміндегі іс-шараларға ұласып, жалғасын табады.