Ведомство өкілі елімізде үш-төрт жылдан бері су аздығы байқалып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, наурыздың аяғында, сәуірде жауын-шашын болып, су молаймаса, биыл да оңтүстік өңірлерде вегетациялық кезең қиын болады деген болжам бар.  


«Суармалы суды пайдаланатын 4 өңір бар. Алматы облысы сырттан келетін суға онша тәуелді емес. Негізінен таулардан, мұздықтардан аққан, еріген суларды суруға пайдаланады. Жамбыл облысына келсек, 74% Қырғызстаннан келетін ағынды суға тәуелді. Екі ел сол суды азды-кпті бөлісіп, пайдалануы керек. Мысалы, таластың суының 50% Қырғызстан, 50% Қазақстан пайдалануы тиіс. Бұл келісімшартта көрсетілген. Сонымен қатар, Жамбыл облысында Еуропалық банк қаржысы займы есебінен суармалы жерлердің көбінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті кей жерлерде айналма канал жасалды, Қырғызстаннан келген аз суды уақытша каналмен жіберген соң, шығын да көп болады.  Ең қиын жағдай Арал-Сырдария бассейнінде. Түркістан мен Қызылорда облыстарында. Тоқтағұл су қоймасының сыйымдылығы - 19,5 млрд текше м. Көктемгі вегетация кезеңі басталғанда норма бойынша 15 млрд текше м су болуы керек. Сонда қалыпты жағдайда су қырғыздарға электр энергия өндіруге жетеді, қазақ пен өзбектерге суаруға жетеді. Былтыр 8,7 млрд текше м су болды. Ал биыл 7,5 млрд шамасында болады деп күтілуде. Егер наурыздың соңында немесе сәуірде жаңын-шашын болмаса, жағдай өте қиын болады. Оның үстіне вегетациялықаралық кезеңде, қазан айының соңынан бастап биыл сәуірдің біріне дейін жылда Шардараға су жинайтын едік, қазір ондай жағдай жоқ. Вегетацияларалық кезеңде 10,3 млрд су келеді деп жоспарланған болатын, ал іс жүзінде 3 млрд шамасында су түскен жоқ, 1 сәуірде 7 млрд шамасында болады деп күтілуде. Достық каналы бойынша Мақтаарал мен Жетісайда жағдай былтырғыдай болады деп ойлаймыз. Осыған орай, күріш, мақта егуді азайту керек. Қызылорда облысында қосымша сорғылар орнатылуда, каналдар тазартылуда. Түркістан облысында да үлкен жұмыстар жасалып жатыр», - деді спикер халықты қиындықтарды бірлесіп шешуге шақыра отырып.