«Біздегі ең үлкен көлдер Балқаш, Алакөл, Балқаш көліне құятын трансшекаралық өзен - Іле бар. Оның 80% Қытай жерінде орналасқан. Елімізге келетін су көлемі осы Қытай Халық Республикасына байланысты. Көп жылдық болжамға сәйкес, 2020-2021жж. бізде су тапшылығы болды. Қазгидрометтің болжамы бойынша 2022 жылы да су аз болады деп күтілуде. Су кодексіне сәйкес, Балқаш-Алакөл бассейні инспекциясы су лимитін бекітеді. 10 жылдық су бекітілген. Әр жылға Қазгидрометтің болжамына сәйкес, бұл лимит түзетіліп отырады. Ол лимитте экологиялық жағдай да ескеріледі. Салынған жер-су көлеміне, меншікті нормаға және каналдың жағдайына байланысты лимиттер бекітіледі. Су пайдаланушы мекемелері осы лимиттен асырмауға тиіс. Оны Балқаш- Алакөл инспекциясы қадағалайды. Биыл болжамды алғаннан кейін жергілікті атқарушы органдарға су шаруашылық мекемелеріне су пайдаланушыларға хаттарды уақытылы жолданды», - деді спикер. Оның айтуынша, Қазақстанда 8 бассейнде бассейндік кеңестер құрылған. Оған ЖАО, су пайдаланушылар, су шаруашылығы мекемелерінің өкілдері кірді. Кеңесте мәселелер қаралады. Су тапшылығы болған жылдары - 2014, 2020, 2021 жылдары осы кеңестің жұмысы өз нәтижесін көрсетті. Кеңес суды дұрыс пайдалану бойынша шешімдер қабылдап, оны су пайдаланушыларға жеткізеді.