«Қазақстан өзінің Тәуелсіздігі жылдарында, мұндай қатыгездікке алғаш рет тап болды. 

Енді қасіретті қаңтардың артта қалған күндерін мұқият саралап, тиянақты бағалауға болады. Оқиғалардың хронологиясынан бастайын. Митингілердің бастапқыда бейбіт болғаны белгілі. Бірінші қаңтардан бастап, батыс өңірлердің тұрғындары газ бағасын төмендетуді талап етті. Яғни, ешқандай саясат болған жоқ, таза әлеуметтік-экономикалық талаптар қойылды. Өңірге жедел түрде жолданған Үкіметтік комиссия, газ бағасына қатысты талаптарды қанағаттандырды. Осыған қарамастан, Алматы, Шымкент және басқа өңірлерде адамдар көшеге шықты. Қатысушылардың жалпы саны екі күнде 50 мыңнан асты. Ең көбі Алматыда», - деді бас прокурор. 


Оның айтуынша, басында бейбіт сипатта болған жиындардың бақылаудан тыс шығу қатері сағат сайын арта бастады. Сондықтан әкімдер мен депутаттар, халықпен сан рет кездесіп, қоғамдық тәртіпті бұзбауды сұрады. Прокурорлар жер-жерде наразылық акцияларының заңсыздығын және оларға қатысу үшін жауаптылықты түсіндірді. 


«3, 4 және 5 қаңтарда Мемлекет басшысы демонстранттарға үндеу жолдап, заңды сақтауға және деструктивті күштердің арандатуына бой бермеуге шақырды. Алайда, бірнеше мәрте сабыр сақтауға шақыруға қарамастан, қылмыстық және радикалды элементтер белсенді де қатаң әрекеттерге көшті. 4 және 5 қаңтарда азаматтар жиыны агрессивті топқа айналып, 11 аймақта зорлық-зомбылық сатысына өтті. Ұйымдастырушылар айқын жоспармен әрекет етті. «What’sApp» және «Telegram» арқылы топтың жиналуы мен қозғалысын үйлестірді. 
Олар көп адамды жинап алып, арматура, таяқ, тас, Молотов коктейлімен қаруланды. 

Кейіннен топтың бір бөлігі дүкендерді қиратып, тонауға кірісті. Тонаудан кейін, қылмыстың ізін жасыру үшін, тіпті көп пәтерлі үйлердің бірінші қабатындағы үй-жайларды өртеген. Басқа қарулы топтар мақсатты түрде, әкімдіктердің, Президент Резиденциясының, полицияның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараттарына шабуыл жасап, басып алды. Алматыдағы әуежай мен басқа да нысандарды қиратты. Олар, қоршауды қалай бұзу керектігін біліп, полицияға шабуыл жасады, атыс қаруын алу үшін, аңшы дүкендерін тонады. Телеэфирге шығуға тырысты, ол іске аспай қалған кезде, телекомпания кеңселерін тонап, өртеп жіберді», - деді спикер. 


Б.Асыловтың мәліметінше, Алматыда және басқа да ірі қалаларда қылмысты жасыру үшін 800-ден астам видеокамераны қиратқан. Басып алынған қаруды, азық-түлік пен ауыз су жеткізу ұйымдастырылған. Такси, жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілерін көшені жауып тастауға мәжбүрледі. Яғни бейбіт азаматтарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланған. Арнайы автокөліктер мен басқа да жүк машиналарын таран ретінде пайдаланды.