Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға рамазан айында ораза ұстау – парыз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғатпен рұқсат беріледі. 


«Егер Оразаға, жалпы діни мәслеге қатысты қандай да сұрақтар болса, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған Діни ақпарат беру орталығына хабарласуға болады. Жамағаттың сұрағына дер кезінде жауап беретін орталықтың нөмірі – 33-30-30. Орталыққа Нұр-Сұлтан қаласының коды арқылы телефон шалуға болады. Дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тіліндегі сұрақтарға жауап береді», - деді Наурызбай қажы.