Конкурс «Дарын» орталығы белгілеген мерзімде бекітілген кестеге сәйкес 15 – 30 сәуір аралығында өтеді.

«Мамандандырылған білім беретін ұйымдары 5, 6, 7 сыныптың оқушыларын қабылдайды. 5 сынып оқушылары математика және логикадан 30 сұраққа, оқу сауаттылығынан 10 сұраққа жауап береді. Тестілеуге бөлінген уақыт – 60 минут. 6 сынып оқушылары 90 минутта 60 сұраққа жауап береді. Математика және логикадан 35, оқу сауаттылығынан 15, Қазақстан тарихынан 10 сұраққа жауап береді. 7 сыныпқа түсушілер 75 сұраққа жауап береді, математика және логикадан 55, оқу сауаттылығынан 10, Қазақстан тарихынан 10 сұрақ қойылады. Тестілеуге бөлінген уақыт – 120 минут. Республика бойынша 134 мамандандырылған ұйым бар», - деді спикер. 

Облыстарда орналасқан дарынды балалар мектептері 5,6,7 сыныптарға оқушыларды қабылдайды. Сонымен қатар, «Мың бала» олимпиадасының қорытындысы бойынша ауыл мектептерінің оқушыларына 10% квота бөлінеді. Мамандандырылған мектепте білім алатын бастауыш сынып оқушысы орта мектепке емтихансыз өтеді. Іріктеу конкурсы электронды форматта өткізіледі. Оқушыларды мамандандырылған мектептерге қабылдаудың ашықтығын қадағалау үшін электронды платформаның көмегімен прокторинг жүйесі қолданылады. Ғимаратта, аудиторияларда және конкурстық іріктеу өткізілетін орындарда бейнебақылау және аудио жазба жүйелері қамтамасыз етіледі.