Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын күзетуге қатысқан қарусыз әскери қызметші подполковник Хаировтың өлімі кезінде ерекше цинизм көрініс тапты. 

«Оның денесі ғимараттың төбесінен табылды. Тергеу көрсеткендей, зорлық-зомбылықпен өлгеннен кейін қылмыскерлер айғақтарды жасыру үшін денесін өртеп жіберген. 39 жастағы сарбаздың отбасы және екі кәмелетке толмаған баласы қалды. Алмалы аудандық полиция басқармасы мен «Көк-Төбе» телемұнарасын қылмыскерлер басып алуға әрекет жасаған кезде, қызмет борышы бойынша стратегиялық объектілерді қорғаған қызметкерлер Камбетов, Асылханов және Алмасов оқ атудан қаза тапты. Талдықорған қаласы алаңында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің мерзімді қызметінің қарусыз әскери қызметшісі Амановқа бір топ 10 қылмыскерлер шабуыл жасаған. Қатыгездікпен ұрып-соғу нәтижесінде 18-жастағы Аманов көптеген дене жарақаттарын алған. Жас жігіт есін жимастан жедел жәрдем автокөлігінде қаза болды. «Қайғылы қаңтар» барысында адамдардың қайтыс болуының барлық фактілері бойынша мұқият тергеу жүргізілуде, олардың нәтижелері даусыз дәлелдер анықталғаннан кейін жария етіледі», - деді полковник.