«Ғалымдар кез келген мемлекеттік ғылыми ұйымға немесе дербес институтқа бара алады. Консультатпен бірге постдокторлық бағдарлама жазып, оны конкурсқа ұсынады. Егер ұлттық ғылыми кеңес ғылыми жұмысты мақұлдаса, ғалым 3 жыл бойы ай сайын кемінде 500 мың теңге жалақы алып отырады. Сонымен қатар, жобаға ғылыммен айналысуға ниетті қандастар да қатыса алады. 2013 жылдан кейін қорғалған, шет мемлекеттерде тұрып жатқан қазақ ғалымдары да бағын сынап көре алады. Жас ғалым басқа елде тұрып жатса, ол да осы жоба арқылы елге келіп, ғылыми жұмысын жаза алады. Сондай-ақ, докторантураны бітірген, бірақ түрлі себептермен оны қорғай алмаған ғылымға ынтасы барларға да мемлекет мүмкіндік береді. Олар осы грантқа өтініш беріп, 1 жылдың ішінде докторлығын қорғауы керек. Одан әрі екі жыл жоба аясында жұмыс істейді. «Жас ғалым» жобасының түпкі мақсаты - жыл сайын ғылыми ұйымдарға кемінде ғылыми дәрежесі бар, немесе 12 айда ғылыми дәрежесі болуы мүмкін мың адамды тарту. Бұл осындай мотивациялық жоба», - деді ғылым комитетінің төрайымы.