Оның айтуынша, азық-түлік тауарларын тұрақтандыру жұмыстары негізінен екі механизм бойынша жүзеге асырылады - тұрақтандыру қорларына тікелей әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алу және жеңілдетілген несие беру арқылы сауда орталықтарын қаржыландыру арқылы. 


«Бірінші механизм бойынша министрлік тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы республика бойынша облыс әкімдіктерінің қорынан тұрақтандыру қорларының жұмысына бөлінген қаржы көлемі 76 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, 16,2 млрд теңгені қосымша үлестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы есептегенде, алдағы уақытта осы бағытта 92 млрд теңге бөлу көзделген. Бүгінде республика бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қорлары 635 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде тұрақтандыру қорларында 130 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар бар, ішкі нарықта қандай да болмасын тауарға бағаның күрт өсуі немесе жекелеген обылстарда сол тауарлар көлемінің азаю факторлары болған кезде тұрақтандыру қорларынан тауарлық интервенция жүзеге асыру арқылы осы аталған көлемдер ішкі нарыққа таратылатын болады», - деді спикер.