Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметовтің мәліметінше, былтыр мемлекет әлеуметтік тапсырыстарға 14,5 млрд теңге бөлді, 2 мыңға жуық жоба іске асырылды, 500 ден астам ұйым әрі қарай дамуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, жалпы көлемі шамамен 1,5 млрд теңгені құрайтын 50 астам гранттық жоба қаржыландырылды. 


«Жалпы алғанда, мемлекет тарапынан ҮЕҰ қаржыландыру 10% ғана құрайды. Соңғы жылдары бизнес тарапынан, әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіпкерлік өкілдерінен осы саланы, әлеуметтік маңызы бар жобаларды мемлекетті күтпей, өздері қаржыландырып жатқаны байқалуда. Арнайы әлеуметтік қорлар, үлкен бизнесмендердің осы салаға көңіл бөліп жатқанын көріп отырмыз. Яғни, осы салаға мемлекет қаржысы ғана емес, басқа да түрлі қаржылар тартылып жатқанын атап өткім келеді. Бұл белсенділік мемлекеттің нәтижелі жұмысына оң әсерін тигізеді», - деді спикер Орталық коммуниациялар қызметі алаңында сөйлеген сөзінде.