ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі Шымкент қаласында "7-20-25" тұрғын үйді несиелеу бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өткен санкцияланбаған конкурсқа қатысты ведомствоның ресми түсініктемесін жариялайды.

"Орын алған бұл оқиға зерделенді. Санкцияланбаған конкурс өткізу фактісі бойынша ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Шымкент қаласының әкімдігіне "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан несиелік тұрғын үйді беру тетігін түсіндіре отырып, хат жолдады.

Аталған бағдарламаның талаптарына сәйкес салынған несиелік тұрғын үйлер кезекте тұрған азаматтар мен салымшыларға кезең-кезеңімен "Отбасы банкі" арқылы беріледі. Осыған байланысты әкімдік тұрғын үйді сату үшін аталған банкпен қажетті келісім жасауы тиіс.

ҚР ИИДМ заңнама шеңберінде әкімдіктің шешімін қайта қарау, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның іс-қимылын қолданыстағы тұрғын үй бағдарламасының талаптарына сәйкес келтіру қажеттігін атап өтті.

Айта кетерлігі, аталған фактіні Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қатаң бақылауға алды. Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасына сәйкес құзырлы органдар кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырады. Нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады", – делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің ресми хабарламасында.