Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсынды.


Соңғы рет референдум тетігі 1995 жылы қазіргі Конституцияны қабылдау кезінде қолданылды. Айта кетейік, ел Конституциясына енгізілген төрт түзетудің бәрі Парламентте дауыс беру арқылы өтті. 


«Алғаш рет конституциялық реформа тікелей бүкілхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын болады, бұл оның жалпыұлттық сипатын айқындайды.


Алдағы конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас теңгерімін оңтайландырады, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейтеді, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтеді. Бұл мемлекеттік модельдің жүйелік трансформациясы.


Сондықтан референдум ескі модельден түпкілікті бас тартып, саяси жүйені қайта бастау үшін қажет, деп атап өтті Е. Қарин.