Бұл туралы Орталық комуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, басым спорт түрлері белгіленеді.
«Бүгінгі таңда республикада аккредиттелген 179 спорт түрі бар. Саралау бойынша, олардың барлығына мемлекет тарапынан қаражат қарастырылған. Соңғы 10 жылда өткен Олимпиада, Азия ойындарындағы ұлттық құрама командалардың жетістіктерін ескере отырып, Министрлік басым спорт түрлерінің тізімін анықтады. Оған 15 спорт түрі кіреді. Дегенмен, осы 15 спорт түрінің ішінде тек 6-7 спорт түрі Олимпиада да және Әлем чемпионаттарында жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр», - деді комитет төрағасы.
С.Ерғалиев осы 15 спорт түрі бойынша алдағы уақытта өңірлердің жұмысын бағалау жүйесі әзірленетінін жеткізді. Спорт ғалымдары мен білікті мамандар осы спорт түрлерін дамытуға жұмылдырылады.