Қысқы спорт түрлерін дамыту Балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінен басталады. Республика бойынша әр өңірде қысқы спорт түрлеріне қойылатын талаптар белгіленеді. Қазіргі кезде шаңғы, биатлон сияқты спорт түрлерін дамыту бойынша бағдарлама әзірленуде. Бұл туралы Орталық комуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев хабарлады.
«Тау-шаңғы спорты жабылмайды. Бұл спорт түрінен штаттық бірліктер ғана қысқартылады. Алдағы уақытта өңірлерге министрлік тарапынан талаптар қойылады. Басым спорт түрлері анықталып, қысқы өңірлерде шаңғы, биатлон сияқты спорт түрлерін кеңінен дамытатын бағдарлама әзірленуде. Егер тау-шаңғы спортынан үлкен жетістіктерге жетіп, әлемдік деңгейде әлемдік спортшылармен бәсекелесе алатын спортшылар табылса, мемлекет оларға қолдау көрсетуге дайын», - деді спикер.