Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының істері бойынша барлығы 333 күдікті осы негіздер бойынша күзетпен ұстаудан босатылды.  


«Олардың көпшілігіне бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды, осындай адамдардың саны – 96, кепіл 78 адамға қатысты қолданылды, 67 адам ешқайда кетпеу және дұрыс мінез-құлық туралы қолхат берді және 11 адамға жеке кепілгерлік қолданылды. Одан басқа соттардың үкімдері бойынша 81 сотталушы күзетпен ұстаудан босатылды. Жағымды мінездемелермен қатар, зардаптың орнын толтырудың да тергеу мен сот барысында ескерілетін негіздердің бірі екенін атап өту қажет. Мәселен, Алматы қаласының тұрғыны жаппай тәртіпсіздік барысында «Магнум» супермаркетінен азық-түлік ұрлаған. Күдікті ұсталды және сот санкциясымен күзетпен ұстауға алынды. Тергеу барысында күдікті толығымен материалдық залалдың орнын толтырды. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылды, бірақ жәбірленуші тараптан талаптардың болмауы ескеріліп, ол босатылды, дегенмен оған екі жылға бас бостандығын шектеу түрінде жаза қолданылды. Басқа мысал, Алматы облысының үш тұрғыны жаппай тәртіпсіздік барысында «Технодом» сауда үйінен сомасы 950 мың теңгеден артық тұрмыстық техниканы жымқырған. Сот күдіктілерге «күзетпен ұстау» түрінде бұлтартпау шарасын санкциялады. Күдіктілердің біреуінде екі жас баланың, ал екіншісінде анасының асырауында бар екені, сондай-ақ олардың келтірілген залалдың орнын толығымен өтегені ескеріліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды. Сондай-ақ сот олардың мінездемелерін, қылмыс жасауына өкінетінін және залалды өтегенін ескеріп, оларды үш жылға бас бостандығын шектеуге соттады», - деді спикер.