Ол дивидендтерді анықтау әдісі және Қор төлейтін дивидендтердің таза пайдаға пайыздық қатынасы туралы журналистер тарапынан жиі қойылатын сұрақтардың біріне тоқталды. Мысалы, неге 1,6 трлн теңге пайдадан бюджетке 170 млрд теңге ғана жұмсалады, бұл соманың 10% сәл артық.  


«Ірі холдингтердің таза пайдасы көп жағдайда қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес есептеудің ақшалай емес табыстарынан тұратынына назар аудару керек. Яғни олар теңге мен қарыз алу валюталары арасындағы бағамдық айырманы қамтиды. Сондай-ақ бізде бақылау жоқ қауымдасқан кәсіпорындардан түсетін кірістерден, атап айтқанда, ірі бірлескен кәсіпорындардан, біздің ірі мұнай серіктестерімізден және басқа да қаржылық кірістерден тұрады. Таза кірістің нақты ақшалай құрауышы 450 млрд теңге деңгейінде айқындалды және осы әдістемеге сәйкес жартысын біз Үкіметке жібереміз. Оның ішінде 170 млрд теңге – дивидендтер түрінде тікелей бюджетке, сондай-ақ Үкіметтің тапсырмасы бойынша біз бірқатар маңызды әлеуметтік бағдарламаларды іске асырамыз: медициналық ғылыми орталықтар, әлеуметтік инфрақұрылым және әлеуметтік тұрғын үй объектілерін салу, спортты қаржыландыру. Биыл бұл сома 225 млрд теңгеден артық болады, тағы 189 млрд теңгені үлестіру ретінде акционер - Қазақстан Республикасы Үкіметінің пайдасына жұмсаймыз. Қорда қалған сома да бюджеттік жоспарлау шеңберінде акционердің бақылауында болады. Ол инвестициялық жобаларды, соның ішінде мемлекеттік ауқымдағы маңызды жобаларды, жедел жобаларды іске асыруға, қарыздарға қызмет көрсетуге бағытталады», - деп түсіндірді қор басшысы.