"Президент халқымыз үшін тағдыршешті мәселені жалпыхалықтық референдум арқылы шешуді ұсынып отыр. Бұл заңдық, саяси теңдік, тіпті ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда ең дұрыс, әрі әділ шешім деп ойлаймын. Расында да «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын сөз бұйдаға айналдырмау керек. Еліміздің әрбір азаматы бұл тұжырымдаманың негізгі философиясын ұғына білуі, сезіне білуі тиіс. Бұл үшін билік тарапынан ғана емес, қоғамдық күштер мен азаматтық институттар тарапынан да нақты қадамдар жасалуы тиіс", - деп атап өтті депутат Әли Бектаев.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған реформалары "Жаңа Қазақстанды" құруға тікелей бағытталған деп санайды. Бұл, ең алдымен, бұрынғы саяси жүйенің қайта түлеуі болып табылады.

"Мұндай түбегейлі реформаларды жүзеге асыру үшін жоғарыдан енгізілетін өзгерістер ғана емес, супер президенттіктен арылу, Парламентті күшейту, билікті демократияландыру керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, ең бастысы – азаматтық қоғамды дамыту, олардың мемлекетті басқаруға қатысу белсенділігін арттыру маңызды. Өйткені халықтың саналы қолдауынсыз біздің қоғамда демократиялық өзгерістер мүмкін емес", - деп атап өтті сенатор Күрішбаев.