Бүгін, 4 мамырда, Конституциялық Кеңес ел Конституциясына енгізілетін түзетулер жобасы бойынша оң қорытындысын берді. 
Жұмыс тобының мүшесі, белгілі құқық сарапшысы Марат Башимовтың пікірінше, бұл Қазақстандағы тарихи оқиға. Президент Конституцияға енгізгелі отырған өзгерістер тұтастай қоғам үшін өте маңызды. Оның азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін күшейтетін құқық қорғау әлеуеті зор.  
Сарапшының айтуынша, талқылау барысында жұртшылық конституциялық реформаның барлық тармақтарын, соның ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қатысты жекелеген нормаларды Конституциядан алып тастау туралы түзетулерді де қолдады. Бұл Тұңғыш Президенттің қатарынан екі реттен артық сайлану құқығы туралы норма және оның мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және Конституциялық заңмен айқындалады деген норма. 
Сонымен қатар, 91-бапта Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Тұңғыш Президент мәртебесінің өзгермейтіндігі туралы норманың сақталуы қоғамда айтарлықтай қарама-қайшы пікірлер тудырды. 
Сондықтан Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасын әзірлеген жұмыс тобының кейбір мүшелері Мемлекет басшысына Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін Ата заңнан алып тастау туралы ұсыныс жіберді, өйткені оның ешқандай құқықтық негізі жоқ. Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болғандығына қатысты тарихи факті заң тұрғысынан ерекше бекітуді талап етпейді. 
Жұмыс тобы мүшелерінің пікірін ескере отырып, Конституциялық кеңеске қосымша өтініш жолданды. Қорытынды отырыстың нәтижелері бойынша Конституциялық кеңес Ата заңға енгізілетін түзетулер жобасының конституциялылығы жөнінде шешім шығарды.  «Осылайша, түзетулер жобасына сәйкес, Тұңғыш Президент, оның мәртебесі мен өкілеттігі туралы барлық нормалар Конституциядан толығымен алынып тасталады. Бұл жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның демократиялық бағытын тағы да көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын сөз жүзінде емес, іс жүзінде берік ұстанатынын тағы да растады, - деп түйіндеді Марат Башимов.