Жамбыл облысының тәжірибесін зерттеуге еліміздің барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары келді.

Пилоттық жобаға Байзақ ауданынан Қостөбе ауылдық округінің тұрғындары қатысты (1,6 млрд теңге бөлінді). 178 тұрғыннан құралған кооперативте 12 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның базасындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жалпы ауданы 401,0 га құрайды, пилоттық жобаның екінші бағыты (мал шаруашылығын дамыту) аясында кооператив құрамына кіретін «Алмас» ЖК 7 бас жылқы, «Айдын» ЖК 9 бас ІМҚ сатып алды. 

Өз сөзінде өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жобаны жүзеге асырудың арқасында Қостөбе ауылдық округіндегі бір отбасының табысы 4 есеге артқанын атап өтті. Сонымен қатар мал басының саны да 53,8%-ға өскен. Барлығы 256 тұрғын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 123 жаңа жұмыс орны ашылды. АӘК алушылар саны 86%-ға азайды. Тұрғындардың 97%-ы жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытып жатыр. Сондай-ақ кооперативтерді құрумен арнайы техниканың, жұмыс қолдарының және жерді өңдеуге, егін жинауға арналған құралдардың жетіспеушілігі мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Ералы Тоғжанов ауыл шаруашылығы техникаларының жай-күйімен танысып, облыс шаруаларымен өзекті мәселелерді талқылады, жергілікті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығы кооперативтеріне толық қолдау көрсетуді тапсырды. 

Вице-Премьер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Бағдарламаны іске асырудың маңызына тоқталып, оның, ең алдымен, халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы индустрияландыру және әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталғанын атап өтті.

«Басты бағыттардың бірі – импортты алмастыру. Ауылдық кооперативтерде өндірілген АӨК өнімдерімен импортты алмастыру жоспары қажет. Сондай-ақ біз осы жобалардың барлығы тұрғындарға қандай пайда әкелетінін ойлауымыз керек. 2025 жылға дейін ішкі нарықты, қанттан басқасын өз өнімдерімізбен жүз пайыз қамтамасыз ету жоспарда бар», — деді Е. Тоғжанов. 

Жұмыс сапары барысында Вице-Премьерге жайылымдық жерлердің тапшылығы мәселесін шешу бойынша атқарылған жұмыстар барысы баяндалды. Қазіргі уақытта бұл – ең өткір мәселелердің бірі. Оны шешу бес бағыт бойынша жүзеге асырылады.

Жамбыл облысында шағын кәсіпорындар ашылып жатыр

Сонымен қатар, Вице-Премьер «Шамуратов Шовкат Валерьевич» ЖК жұмысымен танысты. Шағын кәсіпорын күніне 400 кг шұжық өнімдерін шығарады. Цехта 7 маман жұмыс істейді. Ауыл халқының табысын арттыру (бизнес-жобаларды қолдау) пилоттық жобасының 5 бағыты бойынша алынған несие сомасы 10 000 мың теңгені құрайды.

Сондай-ақ Ералы Тоғжанов ауданы 80 сотық жерді алып жатқан «Серік» ЖК жылыжайын аралап көрді. Несие сомасы – 14 566 мың теңге. Өткен жылы 30 тонна қияр өндірілді. Жылыжайда тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Онда 11 адам жұмыс істейді.

Вице-Премьер пилоттық жобаны іске асырудың жоғары мультипликативтік тиімділігіне назар аударды. Мал шаруашылығын дамытудың нәтижесінде шағын цехтар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. 

«Халықтың табысын арттыру бағдарламасының» негізгі мақсаты – қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыру. Ол үшін халықты жұмыспен қамтуды реттеу жөніндегі жүйелі шараларды қабылдау маңызды. Бұл бағытта ауылдағы дәл осындай кәсіпорындар үлкен рөл атқарады», — деді Ералы Тоғжанов. 

Байзақ ауданында пилоттық жобаның 5 бағыты бойынша барлығы 6 бизнес-жоба іске асырылды. Олардың бірі – гидропон қондырғысын сатып алу. 

Қазақстандағы осы жабдықтар мен қондырғылардың негізгі жеткізушісі – Тараз қаласында орналасқан «Agro Green Technology» ЖШС. 

Е. Тоғжанов қуаты тәулігіне 400 кг жем шығаруға қауқарлы жылжымалы гидропонды қондырғыда құрама жем өндіру процесімен танысты. Серіктестік сонымен қатар гидропоника әдісімен дәруменделген жасыл жем, көкөніс, күріш өсірумен айналысады.