Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанның негізгі стейкхолдерлері өңірішілік және халықаралық сауданы одан әрі тереңдете отырып, сауда рәсімдерін жеңілдету үшін ортақ мәселелер мен бірлескен шешімдерді талқылау үшін жиналды. Оған, сондай-ақ, уәкілетті органдардың, ведомстволар мен қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Халықаралық сауда орталығының өкілдері қатысты.

Еуропалық Одақ (ЕО) қаржыландыратын және халықаралық сауда орталығы жүзеге асыратын Ready4Trade жобасы аясында "Ұлттық жол карталарынан өңірлік реформаларға" үш күндік өңірлік кеңес ұйымдастырылды. QazTrade АҚ жобаның ҚР-дағы инстиционалдық серіктесі.

         Орталық Азия елдері Қазақстанның маңызды сауда серіктестері болып табылады және біз сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту мен тереңдетуге, әсіресе елдеріміз арасындағы сауданы дамытуға үлкен мән береміз.

"Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымының оң қарқынын ерекше атап өткім келеді. 2021 жылы тауар айналымы 6,3 млрд.$ құрады, бұл 2019 жылмен (5,3 млрд.$) салыстырғанда 19,5% - ға артық және 2020 жылмен (4,7 млрд.$) салыстырғанда 33,8% – ға артық", - деп хабарлады Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова.

Ол, сондай-ақ, Сауда және интеграция министрлігі Орталық Азия өңіріндегі шекара маңы ынтымақтастығын дамытуға және күшейтуге көп көңіл бөлетінін, қабылданып жатқан шаралар елдер арасындағы сауда өзара іс-қимылын тереңдету үшін жаңа ынталандыру болуы мүмкін екенін атап өтті. Бұған Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында "Орталық Азия" халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында "Алатау" трансшекаралық сауда орталығының құрылысы ықпал ететін болады.

 "Көлік инфрақұрылымы мен логистиканы жақсарту, шекараларда жүктердің кідірісін қысқарту, Орталық Азияның түрлі елдеріндегі сауда және транзиттік тарифтердің төмендеуі өңір экономикасына оң әсерін тигізеді. Сауда және интеграция министрлігі ХТО ұсынатын сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі барлық бастамаларды қолдайды және оларды талқылауға дайын",- деп түйіндеді вице-министр.

Орталық Азия мен Еуропадан келген 80-нен астам қатысушы өңірлік ынтымақтастықты тереңдету үшін сауда рәсімдерін жеңілдетудегі жаңа үрдістер мен синергияны талқылады. Іс-шара Ready4Trade жобасы шеңберінде екі жақты және өңірлік үйлестіруді және оларды іске асыру басымдықтарын айқындауды талап ететін рәсімдік оңайлату реформалары бойынша консенсусқа қол жеткізу платформасы болды.

Естеріңізге сала кетейік, Ready4Trade Орталық Азия Орталық Азияның бес елінде өңірішілік және халықаралық сауданы дамытуды қолдауға бағытталған. 4 жылдық бастама ЕО қаржыландыратын ірі бағдарламаның сауда компоненті болып табылады, ол инвестицияларды, бәсекеге қабілеттілікті және сауданы қолдауға бағытталған, осылайша аймақтағы тұрақты және инклюзивті экономикалық дамуға ықпал етеді. Ready4Trade жобасын Еуропалық Одақ қаржыландырады және халықаралық сауда орталығы іске асырады.