Әкімдіктер 1 маусымға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерін жылу беру маусымына дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуі керек.

15 қыркүйекке дейін еліміздің барлық өңірі мен елордадағы коммуналдық нысандар және тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымы толығымен жаңа жылу маусымына дайын болуы керек.

Білім беру және денсаулық сақтау объектілерінің дайындығын 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз ету қажет.

Әкімдіктер жыл соңына дейін бас жоспарлармен үйлестіре отырып, жылу және электрмен жабдықтау схемаларын жаңартулары қажет.

Тұтынушылардың коммуналдық қызметтері үшін дебиторлық берешегін азайту және энергия өндіруші ұйымдардың отын жеткізушілер алдындағы берешегін өтеу жөнінде шаралар қабылдау қажет.

Индустрия министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, тұрғындарды және жылу электр орталықтары мен қазандықтарды қажетті көлемдегі көмірмен алдын ала қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс.

Жергілікті жерлерде халыққа көмір сату мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары уақтылы жүргізілуі керек.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы электр станцияларына көмір жеткізуге басымдық бере отырып, оларды қажетті вагондармен қамтамасыз етсін.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әкімдіктермен бірлесіп, көмір бағасын ерекше бақылауға алып, әсіресе тұрғындар үшін көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдауы қажет.

Энергетика және Индустрия министрліктері нысандарды алдағы жылыту маусымына дайындау барысына қатаң мониторинг жүргізуі керек.