Кездесу барысында министрге археология саласындағы шешімін күткен өзекті мәселелер, тарихи нысандардағы жоспарланған қазба жұмыстары, ғылыми жұмыстар, соңғы жылдарда ашылған нысандар мен ондағы тың жаңалықтар және т. б. туралы ақпарат ұсынылды.
«Анығын айтқанда археология ғылымы біздің тарихымызды зерттеуде маңызды рөл атқарады. Ол «ақтаңдақтарды» жауып, мәдени және жазба ескерткіштерді көпшілік назарына ұсынады, ата-бабаларымыздың мұрасына ден қоюымызға мүмкіндік береді. Мұның бәрі Сіздердің қажырлы еңбектеріңсіз мүмкін болмас еді», - деді Дәурен Абаев.
Сондай-ақ министр археология саласындағы мемлекеттік бақылау, қызметтің осы түрін лицензиялау және археологиялық олжаларды мемлекеттік музейлерге беру мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Осы тұрғыда 2021 жылдың өзінде халықаралық конференциялар материалдарында және ғылыми журналдарда 40-тан астам тақырыптық мақалалар жарияланғанын, 1 500-ден астам артефактілер мен тарих бұйымдары (қола, күміс, саз, фарфор, тас және т.б.) табылғанын, 438 артефакт пен тарих бұйымдарының реставрацияланғанын және республикалық музейлерге тапсырылғанын атап өту маңызды.
Археологиялық қазба жұмыстары ұйымдастырылатын жаңа орындарда 80-нен астам іздестіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кету керек, 2021-2023 жылдар аралығында 5 монография шығару, 4 оқу құралын шығару жоспарланған.