Іс-шара Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыровтың, Өскемен қаласы әкімдігі өкілдерінің, саясаттанушылардың, қоғам қайраткерлерінің, ҚҚДИ сарапшыларының және студенттердің қатысуымен өтті.

Отырысқа қатысушылар ел дамуындағы Конституцияның рөлі мен жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның, алдағы референдумның маңыздылығын талқылады. Атап айтқанда, спикерлер дауыс беру белсенділігі елдің одан әрі даму бағытына қалай әсер ететіні туралы пікір білдірді.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров Қазақстан өз дамуының теңдессіз кезеңіне аяқ басқанын атап өтті:

«Ата Заңымыздың 30-дан астам бабына енгізілетін өзгерістер мен 20-дан астам қабылданатын заңдар еліміздің ауқымды саяси трансформациясына бағытталып, саяси жүйемізді түбірімен өзгертпек. Енді жаңа парадигмаға сәйкес президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейіп, белсенді азаматтарға саяси аренада жол ашылып, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаймақ. Айтылған өзгерістерді тиімді жүзеге асыру үшін Конституциялық реформа қажет. Алдағы референдум Мемлекет басшысы айқындап берген «Екінші республиканың» – билік пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, тиімді және теңгерімді моделінің құқықтық негізі. Бұл өте орынды және біз жүзеге асып жатқан мемлекеттік модельдің жаңаруын толықтай қолдаймыз».

 Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдиновтың модераторлығымен өтті. ҚҚДИ басшысы өз сөзінде бүгінде еліміз жаңа Қазақстанның жаңа ережелерін белгілейтін тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтті:

«Біз мемлекеттік жүйені жетілдіреміз, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша біз Екінші Республиканы құрамыз. Конституциялық реформа барлық өзгерістерді сәтті жүзеге асыру үшін қажет. Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттіктерін шектеу арқылы супер-президенттік басқару формасынан түпкілікті кету».

Іс-шараға Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері де белсене қатысты. Еліміздің саяси өміріне жоғары деңгейде қызығушылық таныта отырып, олар алдағы референдум бойынша өз ойларын ортаға салып, іс-шара спикерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Спикерлер конституциялық референдум – бұл саяси бағдарламаның қисынды жалғасы және оны өткізу қолданыстағы саяси модельдің жүйелі түрде өзгеруіне негіз болады деген ортақ пікірге келді.