Қонақтарды облыстық филармонияның үрлемелі аспаптар оркестрі майдан әндерімен қарсы алды.
Кейін облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынған Кеңес Одағының батырлары мен Даңқ Орденінің полк иегерлеріне арналған көрме ұйымдастырылды.
Халық Қаһарманына арналған салтанатты шарада ұшқыштың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильм көрсетілді.
-Батыр халықтың батыр қызы Хиуаз Доспанова майдан аспанына 300-ден астам көтеріліп, жау нысандарын бомбалауға қатысқан. Бірнеше рет ауыр жарақат алғанына қарамастан ұрыс даласын тастаған жоқ. Соғысты Берлин қаласында аяқтады. Осының өзі оның бойындағы қайсарлықтан хабар береді. Біз өз кезегімізде өткенді құрметтеу арқылы өскелең ұрпаққа тәрбие беретінімізді ұмытпауымыз керек. Бүгінгі апамыздың 100 жылдығына орай өтіп жатқан естелік шаралар жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім, намыс пен жауапкершілік тәрбиесін егуге арналады,деді облыс әкімі.
Кеш барысында 10 адам Халық қаһарманы, қоғам қайраткері Хиуаз Доспанова атындағы медалімен марапатталды.
Бұдан бөлек, ұшқыштың 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған Таеквондодан Батыс аймақтық ашық турнирінің,облыстық жас ақындар мүшайрасы мен патриоттық ән байқауының жүлдегерлеріне Хиуаз Доспанова төсбелгісі табысталды.
Салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.
Сонымен қатар, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай Атырауда ұшқыш ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Хиуаз Қайырқызының Доспанова 15 мамыр күні дүниеге келген. Айтулы күнге орай ұйымдастырылған салтанатты шараға аймақ басшысы және ұшқыштың ұлы мен туыстары Алматы қаласынан арнайы келді. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық Ұланның 5546 әскери бөлімінің сарбаздары, батыс өңірлік қолбасшылығы және мәдениет майталмандары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
-ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде әйгілі М.Раскованың қыздардан құрылған авиаполкінде 17 мен 22 жас аралығындағы өрімдей жас қыздар жиналды. Солардың ішінде біздің Хиуаз апамыз да бар еді. Кейін гвардиялық полкке айналған осы батыр қыздарды немістер «түнгі мыстандар» деп атап, қорқатын болған. По-2 деп аталатын тақтай ұшақпен 300-ден астам түнгі шабуылға шыққан Хиуаз Доспанова шын мәніндегі ержүрек жауынгер еді. Ол бейбіт күнде де білімділік пен еңбекқорлықтың үлгісі болды. Алматы қаласында үлкен лауазымды қызметтерде болып, халық үшін жасампаз да жарқын бастамаларды көтерді,деді облыс әкімі .
2019 жылы Атырау халықаралық әуежайына Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова есімі берілген. Өзі туған Құрманғазы ауданының Дәшін ауылы қазіргі таңда ұшқыш атымен аталады.
Облыс орталығында бір мектепке және тоғыз көшеге ұшқыш аты берілген.