2022 жылғы 13 мамырда 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдумға қатысушыларды оқыту жөніндегі жоспар шеңберінде Орталық референдум комиссиясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп офлайн және онлайн форматта республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларының өкілдері үшін оқыту семинарын өткізді. Іс-шараға 130 адам қатысты.

 

 

Іс-шара барысында 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум туралы, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы, республикалық референдумды дайындау мен өткізу, азаматтарды хабардар ету, үгіт, қоғамдық пікірге сұрау салу, БАҚ өкілдерін аккредиттеу, республикалық референдумды қаржыландыру, сондай-ақ референдум туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелері бойынша түсініктемелер берілді.

Семинардың спикерлері ретінде Орталық референдум комиссиясы тарапынан ҚР ОРК хатшысы Мұхтар Ерман, ОРК мүшелері Сабила Мұстафина, Анастасия Щегорцова сөз сөйледі.

 

 

Сондай-ақ, семинарда Әділет вице-министрі Алма Мұқанова, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинова, Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин сөз сөйледі.

Семинар соңында Орталық референдум комиссиясының және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері семинарға қатысушылардың сұрақтарына толыққанды жауап берді.