Мақсаты – мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әртүрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын ұсыну, музей қызметін, ондағы жәдігерлерді кеңінен насихаттау.     

Іс-шара музейдің орталық кіреберіс алаңында ҚР Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық Ұлан құрметті қарауыл ротасының және әскери оркестрлерінің салтанатты дефилесінен басталып, «Астана Опера» театрының оркестрі, «Астана циркі» МКҚК өнерпаздарының қойылымы, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның классика және эстрада бөлімінің концерті, сондай-ақ, театрландырылған экскурсия мен Нұр-Сұлтан қаласы «Шаңырақ» театрының көрінісі көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар, іс-шара аясында «Жұлдызды гид» жобасы,  мәдени-танымдық бағдарламалар мен қазақстандық суретшілердің экспозиция залының ашылуы өтеді.   

«Музей түні» акциясы ҚР Ұлттық музейінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. 2015 жылы өткен алғашқы іс-шараға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамырда Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы аталған акция 2 рет өткізіліп, 39 мыңнан аса адам келді. Оның алғашқысы «Наурыз» мерекесіне орай ұйымдастырылса, екіншісі халықаралық музейлер күніне арналды.  2018 жылы 37 мыңнан аса адам, ал 2019 жылы 42 мыңнан аса адам келді. 2020-2021 жылдары еліміздегі карантин жағдайына байланысты аталған іс-шара музейдің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы онлайн форматта жүзеге асты.      

Айта кетейік, «Музей күні» мерекесі 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген.