«Конституциялық сот қазір әлемде 70-тен астам мемлекетте жұмыс істейді. Алғашқы Конституциялық соттар ХХ ғасырдың басында құрылды. Мысалы, былтыр Австрияның Конституциялық соты өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл институт Еуропа елдерінде, Латын Америкасы, Африка, қазіргі ТМД кеңістігінде кең тараған. 1995 жылы қолданыстағы Конституцияға сәйкес, Конституциялық кеңес құрылы. Осы 27 жылдың ішінде Конституциялық кеңес өзінің берілген өкілеттіктері аясында құқықтық мемлекет принциптерін орнықтыру саласында өзінің лайықты үлесін қосты. Алайда, заман ағымы жаңа талаптар қойып отыр. Конституциялық соттың ерекшелігі – оған азаматтардың, заңды тұлғалардың , басқа да қоғам өкілдерінің жүгіне алуы. Бұл өзгерісті «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізудің бір нысаны ретінде қарастырған жөн. Жалпы, Конституциялық сот келесі жылдың басынан жұмыс істей бастайды. Әрбір ҚР азаматы белгілі бір дауды шешу кезінде заңның, өзге де бір НҚА-ның Ата заңның талаптарына сәйкестігі тұрғысынан күмән туындаған жағдайда тікелей Конституциялық сотқа жүгіну құқығына ие болады», - деді спикер. Оның айтуынша, қазіргі таңда Конституциялық кеңеске 6 субъект жүгінсе, енді Конституциялық сотқа 9 субъект жүгіне алады. Азаматтарға қатысты қазір Конституциялық кеңеске жетуде жалғыз канал - жалпы соттар болса, енді каналдың саны 4-ке дейін өспек. Яғни азаматтар Конституциялық сотқа тікелей өздері омбудсмен, бас прокурор немесе жалпы соттар арқылы жүгіне алады. Демек, өз құқықтары мен заңды мүделерін қорғаудың кепілдерінің саны артады.